Онлайн газет



САУДА САЛАСЫНЫҢ САЙЫПҚЫРАНЫ

Биыл Байзақ ауданына 86 жыл толады. Бұл жылдар ішінде не болмады десеңізші? Кеңес өкіметінің қалыптасу жылдары, ашаршылық, Ұлы Отан соғысы, Кеңес Одағының ыдырауы және Жаңа Тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу жылдары. Бұл жылдар аралығында болған оқиғаны көрген қарапайым адамдар сол заманда өмір сүрді, жоспар құрды.
Қазіргі таңдағыдай Үкіметке шағымданушылық, күнделікті өмірге риза болмаушылық деген ой болмайтын. Киетін киіміміз, ішетін асымыз жоқ деп те айта алмайтын уақыт еді. Шыны керек, ол кездің адамдарының бар материалдық әл-ауқаты тек бір чемоданға салынатын жүктей болатын.
Халқымыз жоқшылық пен қиыншылық көрсе де, төзімділік пен сабырлыққа бел буып, алға қарай ұмтылуға, білім алуға дейін құштарлы болды. Қандай саяси жағдай орын алмаса да, халқымыз бірталай қиыншылықтан да өтіп, өз еліне, туған жеріне қызмет етуден жалықпады.
40 жыл Байзақ (Свердлов) ауданы тұтынушылар одағы кооперациясында қызмет еткен Кенжебекова Орынкүл Болысбекқызы 1944 жылы ол кездегі Шымкент облысы, Арыс ауданы, Қараспан ауылында дүниеге келген.
Арыс өңірінде әкесі комбайыншы, анасы жергілікті колхозда еңбек етті. Соғыстан кейінгі 1950-1955 жылдарға дейін, әлі де ел еңсесін көтере алмай жүрген уақытта еңбекке ерте араласты. Ата-анасының жаздай тапқан табысын еңбек күндеп есептеп жылдың аяғында аз ғана мардымсыз көлемдегі бидаймен беретіндіктен,  ол 12 жасынан бастап колхоздың жұмысына араласқан.
Әкесінің тракторының артындағы тіркемесіне шығып, көктемде мақтаның ұрығын сеуіп, өзімен жасты қыздармен арықтың ішіндегі суға түсіп арам шөптен, қамыстан, шылаудан тазарту жұмыстарымен айналысып, мақта піскен тамыз айынан бастап қараша айына дейін мақта терген. 1960 жылы 7 кластық орта біліммен Шымкент кооператив техникумына өз күшімен оқуға түседі. Бір айта кетерлік жәйт, орыс тілін мүлдем білмеген, ал техникумға түсу үшін, орыс тілін білу міндетті болса керек. Ерінбей, бар күш-жігерін салып, білім алуға құштарлығының арқасында, орыс тілін өз туған тіліндей жетік меңгергеннен кейін ғана техникумға қабылданады.
Сол техникумды 1963 жылы бітіре салып, Байзақ (Свердлов) ауданына жұмысқа тауартанушы (товаровед) ретінде жұмысқа жіберіледі.
- Сол кездегі Михайловка (Сарыкемер) ауылын алғаш көргендегі әсерім әлі күнге есімнен кетпейді. Әр үйдің жанында гүлдер, ағаштар өсіп, күн сайын таңертең ауыл көшелерін суаратын ауыр көліктер жүретін. Мұнда неміс, орыс, корей, болгар, грек ұлтының өкілдері қазақтармен бірге тату-тәтті өмір сүріп, дос болды, бір-біріне көмекке де дайын еді.Бір дастархан басында   шай ішіп, шүйкелесіп отыратын. Көршілер түрлі ұлт өкілдерімен, барлығы бір туыстар сияқты араласатын. Ауыл өте таза және жап-жасыл, ауылдың шығыс жағынан Талас өзені, батыс жағында қазіргі кезде ел тілінде қалған атауы «Қыналы қар» жері ну орман етін. Ол жердегі  алқапта үлкен көл болған, кейін ол көлді құрғатып, сол алқапта жүзім өсірілетін, бергі жағында шарап зауыты болған. Әр мейрамда таза ауаға шығып, құрбы-құрдастар, отбасылармен өзен жағасына да, орманға да барып серігіп алатынбыз. Ауылымыз өте кең, үлкен стадионда әрдайым қызықты іс-шаралар өтетін. Ауылымызға бүкіл Кеңес Одағына танымал Евгений Леонов, Зинаида Киреенко сынды актер мен актрисалар бұрынғы «Талас» кинотеатрында, қазіргі Ж.Үшкемпіров атындағы спорт мектебінде халықпен кездескені есімде қалыпты.
Ел ағасы Дінмұхамед Қонаевты қазіргі «Астана» балабақшасы орналасқан жерде киіз үй тігіп, үлкен мейрам ұйымдастырып, күтіп алғанымыз да есімде.
Күн жылысымен әр демалыс күндері ауылдың орталық паркінде орналасқан жазғы кинотеатрда қызықты кинолар көретінбіз. Бұл паркке ауданның барлық ауылдарынан автобуспен тұрғындарды алып келетін. Әркімнің қолында бір-бір кішігірім орындық болатын. Отыратын орын болмағандықтан жастар талға шығып көретін.
Ол заманда Тараз қаласына жол жүру үлкен саяхат боп саналатын. Қазіргідей қол созсаң тоқтай салатын такси жоқ. Қалаға шығу үшін сонау «Талка» деп аталатын жақта ауылдың жеке автостанция - автовокзалы арқылы жолға шығатынбыз, – деп еске алады Орынкүл апа.
Ауылға қатты ғашық болған Орынкүл апамыз 1963 жылы ауылдың жігіті Ахметов Бақыт есімді атамызға тұрмысқа шығады. Ол кезде Бақыт атамыз «Транссельхозтехника» автокөлік кәсіпорнының қызылша тасушы жүк көлігінің жүргізушісі еді. Үнемі  жоспарды асыра орындағаны үшін грамоталар алып, жергілікті басылымда ерен еңбегі туралы мақалалар суретімен жарияланып тұратын. Сол кәсіпорнында зейнетке шыққанша адал қызмет етті.
Орынкүл апа тұрмысқа шыққан бетте Байзақ ауданы тұтынушылар одағы кооперациясына жұмысқа тұрып, зейнетке шыққанша сонда жұмыс атқарған. Аталған мекеме ол кезде қазіргі аудандық прокуратураның ғимаратында орналасқан еді. Халықты азық-түлік, киім-кешек және басқа да керекті заттармен қамтамасыз етуде аянбай еңбек еткен. Дүкендердің жұмыстарын бақылау және де басқа іс-шараларға белсене араласқан. 1977 жылдан бастап аталған мекеменің бақылау бөлімінің бастығы болып, бірнеше жыл бастауыш партия ұйымын басқарған. Көп жылғы жемісті еңбегі үшін апамыз  «Совет потребкооперациясының үздігі» белгісімен, 1980 жылы КСРО халық бақылау комитетінің «Халық бақылауда өзін үздік көрсеткені үшін» Мақтау грамотасымен, 1984 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 2017 жылы Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымының 30 жылдығына байланысты мерекелік медалімен марапатталған.
Білімін жетілдіру мақсатында 1985 жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында «Экономист» мамандығын алған.
Кеңес Одағының ыдырауы кезінде Советпотребкооперация қызметі таратылып, 1993 жылдан бастап қазіргі таңға дейін зейнеткер бола тұра, еңбек етуден жалықпаған Орынкүл апамыз өз жеке кәсібін ашып, еңбек етуде.
Қазіргі таңда Орынкүл апа тәжірибелі маман, ардагер ұстаз Шырын Қапарованың басқаруымен аудандық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған аналар алқасының мүшесі. Жасының сексенге келгеніне қарамастан әжелер арасындағы дауысы сыңғырлап тұрған күміс көмей әншілердің бірі. Аналар алқасының жұмысы облыстық деңгейде алдыңғы қатарда аталады. Отбасылық құндылықтарды жаңғырту, ұрпақ тәрбиесі, салт-дәстүрді дәріптеу алқа жұмысының негізгі бағыттары болып табылады. Алқа мүшелері өз орталарынан «Ақ әже» ансамблін құрып, мереке, басқада іс-шараларда кимешек пен төгілдіріп киінген қазақи ұлттық киімдерімен ұлттық құндылықтарды  насихаттап келеді.
Әулетінің ақылшысы, немере-шөберелерінің сүйікті әжесі  Орынкүл  Кенжебекова бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Өмірін адал еңбекпен өрнектеп, елдің құрметіне бөленген ақжаулықты ана халық әндерін орындаудың нағыз шебері.Сонымен қатар мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерді ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуге де  атсалысып жүргені.  Қайырымдылық шараларына да белсене қатысып, өзгелерге үлгі-өнеге көрсетуде.
-Қиын күндердің бәрі де көрген түстей артта қалды. Өмірдің қуанышын да қиыншылығын да елмен бірге көрдік. Қазіргі ұрпақ бақытты ғой. “Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп” Абай атамыз айтқандай, адамдар бір-біріне бауыр.    Сондықтан бір-бірімізді құрметтеп, қадірлей отырып, өсіп келе жатқан жастардың бойына бауырмалдық, мейірімділік пен имандылықтың ізгі қасиеттерін сіңіре білейік. Ең бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,-дейді Орынкүл апа.
Орынкүл Болысбекқызының 1 ұлы, 2 қызынан, 7 немере, 3 шөбересі бар. Ұл-қыздары мен немерелері жоғары білім алды. Балалары анасымен, немерелері апасымен мақтанады. Бір кездері тағдыр осылай бұйырды. Арыс өңірінен келген жас, әдемі қазақ қызын осыдан жарты ғасыр бұрын  жасыл өңір, Байзақ ауданының қазақ жігіті жақсы көріп, отбасын құрған еді. Енді міне бір кездегі киіктің лағындай сұлу да, сымбатты Орынкүл қыз бүгінде қазақтың құнарлы жерінде қалып, ұрпақ өсіріп, немере-шөберінің қызығын көруде. Ең бастысы-бақытты өмір кешуде.

Дінмұхамед АХМЕТОВ,
Сарыкемер ауылының тұрғыны.

Обновлено 03.05.2024 11:36
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін430
mod_vvisit_counterКеше1164
mod_vvisit_counterОсы аптада430
mod_vvisit_counterӨткен аптада12416
mod_vvisit_counterОсы айда29476
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2281145

Серіктестер