Онлайн газет



Ардагер келбеті

Ә. Садуақасов,
Үлгілі ауылдық округі ардагерлер алқасының төрағасы, еңбек ардагері.

«Ардагер» – құрметті, ардақты,  қадірлі адам деген мәнді білдіретін этикалық ұғым. Ел қамын ойлап, намысын қорғаған, елеулі еңбек сіңірген абыройлы адамды халық «ардагер» деп жоғары бағалайды. Қазақ Совет энциклопедиясының  І –томының 451-бетінде:  «Жеке адам қоғамды ерекше істерімен, ақыл парасатымен, адамгершілік асыл қасиеттерімен, беделімен жұртшылыққа танылғанда ғана ардагер болады” деп анықтама беріпті. 
Ардагер – кемел жасқа келген, ақыл парасатты, өмірлік тәжірибесі мол, ауыл-аймақтың ақылдасар, арқа сүйер ағасы, ынтымақ-бірліктің сақталуына қамқорлық жасаушы тұлға. Ел арасында түсініспеушілік, дау-дамай бола қалған жағдайда Төле би бабамыз айтқандай: «Тура биде туған жоқ» демекші, қара қылды қақ жарып, әділ төрелігін айтып, елдестіріп отыратын да ауыл ардагері. Ауданымызда осы бір асыл атқа кір түсірмеген  атпал азаматтар қаншама десеңші. Солардың қатарына ауданымызды бірнеше жыл басқарған марқұм Ұзақбай Сыздықбаевты қосуға болады.
Жетпісінші жылдардың басынан, сексенінші жылдардың ортасына дейін біздің аудандық  партия комитетінің бірінші хатшысы міндетін абыроймен атқарып, егіншілік пен мал шаруашылығына алдыңғы қатарлы технологиялар енгізіп,  егіншіліктен жоғары өнім алуға қол жеткізіп қана қоймай, аудан орталығында  білім  ошақтары, мәдениет, денсаулық сақтау, халыққа қызмет көрсету нысандарының бой көтеруіне мұрындық болған еді. Тумысынан қарапайым, өз мүддесінен гөрі  халық мүддесін биік қоятын ардақты  Ұзақбай ағаның артында қалдырған өнегелі істері  ел есінде.
Екінші асыл азамат Александр Львович Нахманович деп айтсам қателеспейтін шығармын.  Республикаға белгілі қоғам қайраткері ұзақ жылдар бойы «Трудовой пахарь»  колхозын басқарып,  қуатты шаруашылық деңгейіне көтерді. Тәжірибе алмасу үшін республиканың, облыстың түкпір-түкпірінен келген мамандар трудпахарлықтардың  тәжірибесін  пайдаланып, шаруашылықтарына енгізгені баршаға белгілі.  Александр Львович бірнеше жыл облыстық ауылшаруашылық басқармасын басқарып,  ауданның, облыстың, республиканың қоғамдық өміріне белсене араласқан, Жоғарғы Кеңес депутаты болып сайланған.  Көп жылғы жемісті еңбегі үшін Еңбек Ері атанып, өзі басқарған шаруашылықтың экономикасын түбегейлі өзгертіп, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын биікке  көтере білген, жаңашыл еңбек еткен абзал азаматтың бірі болатын
Бұрынғы  Октябрьдің 40 жылдығы атындағы шаруашылықтың қызылша өсірушілер звеносының жетекшісі, Еңбек Ері Нұрмаш Түйтебаева да жақсылардың бірі. Бақытын еңбектен тапқан қарапайым еңбек адамы қант қызылшасынан рекордтық өнім алып, Еңбек Ері атанды. ССР Жоғарғы Кеңесіне депаутат болып сайланып, мемлекеттік қайраткер деңгейіне көтерілді.  Адал еңбектің арқасында  республикаға танымал болса да қарапайымдылығынан танбады,  кісілік келбетіне кір түсірмеді. Осы аталған азаматтардың есімдері аудан орталығындағы көшелерге берілген.
Адамгершіліктің асыл қасиеттерін бойына серік еткен Үлгілі шаруашылығын құрып, оның негізін қалаған, аталмыш  ұжымды 20 жыл басқарған Жақыпбай Мырзабаев еді. Шаруашылықты  алдыңғы орындар қатарына қосып,  Үлгілі ауылының бас жобасына сол кездің өзінде-ақ  қолтаңбасын қалдырған-ды. Ауылды түлеткен  ардақты азамат ұрпақ өсірді, ауыл аймақтың ақылшысы болды. Ауылдастары еңбегін ескеріп, есімін мәңгілік сақтау үшін ауылдың орталық көшесіне ардагердің есімін берді. Кезінде асыл азаматқа қолдау көрсетіп, ылғи да жанынан табылған  Қ.Смайлов, С.Өткелбаев секілді ауыл азаматтары ол кісінің  шынайы көмекшісі бола білді.
Қожан Смайлов  - шаруашылықта 40 жылдан астам бас инженер-механик болды. Қаншама жастарды механизаторлық мамандыққа тартты. Машина-трактор паркі үнемі жаңа қуатты техникалармен толықтырылды. Тікелей бас инженер-механиктің басшылығымен сол кездегі колхоздың жаңа типті машина трактор шеберханасы, автопаркі салынды. Ал Сейт Өткелбаев болса колхозда 40 жыл бас аграном, партия ұйымының хатшысы болып еңбек еткен шаруашылықтың шешуші саласын басқарып, партия ұйымына жетекшілік еткен жылдары ұжым мол табысқа кенелді. Бұл кісілер екеуі де соғыс ардагері, ерліктерімен қол жеткен табыстары үшін сан рет орден, медальдармен  марапатталған. Жанұяларында әрқайсысы 10-нан аса ұл-қыз өсіріп, үлгілі жанұя аталған. Сіңірген еңбегіне қарай  Қожан Смайловқа ауылдан бір көшенің аты берілді. Осындай құрметке Сейт Өткелбаев та лайықты деп санаймыз.
Арамызда ардагер деген ұлағатты ұғымға лайықты аға ұрпақ өкілдері- Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагері Базарбай Қалдыбаев,   “Қазақ ССР-нің Білім беру ісінің үздігі”, ұстаз Тлеш Оразбаев секілді ауылдың қадірменді азаматтары жастар тәрбиесіне белсенді араласып, ақыл кеңестерін айтып, білімді, инабатты болуға шақырады.
Иә, аға буын ардагерлер елдің бірлігін, ынтымағын қалыптастыруға атсалысады. Жастар бойында ұлттық құндылықтарды сақтап, келешек ұрпаққа жеткізуді уағыздайды. Жүзден аса ұлыстар мен ұлттардың бірлігін, татулығын нығайтып, “Мәңгілік ел” идеясына жүзеге асыру жолындағы Елбасының ұсынысын қуаттайды. Сондықтан  ардагерлер  өз кісілігімен   өзгені сыйлатып, сөзіне қарап ісін таразылап, өз биігінде қалған жоғарыдағы асыл азаматтар секілді болу жолында тер төге беретін болады деп сенемін.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1364
mod_vvisit_counterКеше1540
mod_vvisit_counterОсы аптада5505
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда31072
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2201802

Серіктестер